Шпиондық бағдарлама
Шпиондық бағдарлама деп пайдаланушы рұқсатынсыз не оның хабарынсыз жеке ақпарат жіберетін барлық қолданбаны айтады. Ол түрлі статистика деректерін, мысалы, кірген веб-сайттар, электрондық пошта мекенжайларын пайдаланушы контактілерінен не терілген пернелерінен жіберу үшін бақылау функцияларын пайдаланады.
Шпиондық бағдарлама авторлары бұл тәсілдердің пайдаланушы қажеттіліктері мен қызығушылықтары туралы ақпаратты білуге және жақсы таргеттелген жарнаманы ұсынуға арналғанын мәлімдейді. Бұл жердегі бір мәселе — пайдалы және зиянды қолданбалардың айырмашылықтары анық емес және алынған ақпарат теріс қолданылуы мүмкін. Шпиондық қолданбалар алған деректерде қауіпсіздік кодтары, PIN, банк шотының нөмірлері және т.б. болуы мүмкін. Авторлар табыс табу немесе бағдарламалық жасақтаманы сатып алуға ынталандыру үшін шпиондық бағдарламаны әдетте тегін бағдарлама нұсқаларымен біріктіреді. Әдетте пайдаланушыларға бағдарламаны орнату кезінде ақылы нұсқасына ауысуға таңдау беру үшін шпиондық бағдарлама туралы хабарланады.
Ішінде шпиондық бағдарлама бар болып келетін белгілі тегін бағдарламалар – P2P (бір дәрежелі) желілерінің клиенттік қолданбалары. Spyfalcon немесе Spy Sheriff (және басқалары) белгілі бір шпиондық бағдарлама санатына жатады – антишпиондық бағдарламалар болып көрінеді, бірақ шындығында олар өздері шпиондық бағдарламалар болып табылады.
Компьютерде шпиондық файл табылса, оны жойған дұрыс, себебі оның құрамында зиянды код болуы әбден мүмкін.
Шпиондық бағдарламалардың бір санатына жататын пернетақталық тыңшылар аппараттық немесе қолданба түрінде болуы мүмкін. Бағдарламалық жасақтама негізіндегі пернетақталық тыңшылар тек бір сайтта немесе бір қолданбада енгізілген ақпаратты жинай алады. Неғұрлым күрделі пернетақталық тыңшылар сіз терген барлық нәрсені, соның ішінде көшірген/қойған ақпаратты жаза алады. Мобильдік құрылғыларға қолданылатын кейбір пернетақталық тыңшылар қоңырауларды, хабар алмасу қолданбаларынан алынатын ақпаратты, орналасқан жерлерді және тіпті микрофон мен камерадан жазба жүргізе алады.